Облыста картоп қоры артығымен жеткілікті. Халықтың қажеттілігіне орай картоппен қамту 134 пайызға жеткен.
Жыл сайын “Тобыл” ӘКК АҚ картоп пен көкөністерге келісімшарт жасау жұмыстарын жүргізеді. Осы жылдың қысқы-көктемгі кезеңіне “Тобыл “ӘКК” АҚ-ға 3967 тоннаға келісімшарт жасалған.
“Бүгінгі таңда облыста және тұрақтандыру қорында барлығы 14 211 тонна картоп қоры бар. Нақтырақ айтар болсам, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде – 8245 тонна, сауда нысандарында – 1821,1 тонна, көтерме қоймаларда – 1242,1 тонна және тұрақтандыру қорында – 2903 тонна картоп бар. Бұл қор біздің облыс халқын мамыр айының соңына дейін қамтамасыз етуге жеткілікті. Сондай-ақ, қыс-көктем кезеңінің соңына дейін картоптың бағасы нарықтық бағадан төмен болып сақталып тұрады”, – дейді “Тобыл” ӘКК” АҚ тұрақтандыру қоры мен жұмыс департаментінің директоры Айбек Темірбеков.
Департамент директорының сөзінше, қалада “Бекиров” ШҚ-мен 798 тоннаға, “Тэрра” ШҚ-мен 237 тоннаға, “Садовод” ШҚ-мен 1122 тоннаға және “Green Terra” ЖШС-мен 1810 тоннаға шарт жасалған.
Мамандар бағаны да тұрақты бақылап отырғанын мәлімдеді. Біз де қаладағы “Mister Apelsin” суппермаркетінде болдық. Ол жерде әлеуметтік картоптың бағасы келісі 150 теңгеден сатылып жатқанына көзіміз жетті.
“Өткен жылдың жаз айында Астрахан, Краснодар облыстарынан және өзіміздің оңтүстік өңірден картоптар әкелінді. Олардың бағасы 300 теңгеден еді. Тиісінше, өзіміздің өніммен біз нарыққа шыққанда 140 теңгеге дейін төмендеді. “Тобыл” ӘКК АҚ-мен үш жылдан бері әріптестік қарым-қатынас орнатқанбыз. Арамызда келісімшарт бар. Әлеуметтік картопты 150 теңгеден сатып жатырмыз. Өзге облысқа саудаламаймыз”, – дейді шаруашылық басшысы Бакир Бекиров.
Одан кейін қаладағы Қайырбеков көшесі бойында орналасқан “Солнечный” супермаркетінде болдық. Ол жерде әлеуметтік картоп бағасы 154 теңгеден екен.
“Картоптан таршылық жоқ. Біздің супермаркетке әрқашан артығымен әкелінеді. Оны “Тэрра” ШҚ сатып алады. Шамамен күніне 300-350 келі саудаланады. Адамдар бағасына көңіл бөледі ғой, сол себепті әлеуметтік тауардың бағасы төмен болғандықтан алып жатады деп ойлаймын”, – дейді “Солнечный” супермаркеті басқарушысының орынбасары Махаббат Нурашева.
Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов “Тобыл” ӘКК АҚ облыстың 50-ден астам дүкенінде картоп бойынша тауарлық интервенциялар өткізетінін айтады.
“Қостанай облысында 111 мың тонна картоп жиналды. Оның ішінде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден 40,7 мың тонна, женке шаруа қожалықтарынан 70,3 мың тонна. Әлеуметтік картоп бағасы келісі 150-154 теңгеден бөлшек саудада сатылады. Ал “Тобыл” ӘКК АҚ-нан келісіне 140 теңгеден алады. Облыс халқының картоппен қажеттілігі 134% қамтамасыз етілген. Жыл сайын “Тобыл” ӘКК АҚ картоп пен көкөністерге келісімшарт жасау жұмыстарын жүргізеді. 2025 жылдың ағымдағы қысқы-көктемгі кезеңіне “Тобыл “ӘКК” АҚ-ға 3967 тонна келісімшарт жасалды. Бүгінгі таңда облыста ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің картоп қоры, көтерме және бөлшек саудада және тұрақтандыру қорында барлығы 14 211 тонна картоп бар. Бағаны тұрақтандыру бойынша жұмыс тұрақты бақылауда”, – дейді басқарма басшысы.
Маусымаралық кезеңде шамамен 4 мың тонна картопқа уақытылы келісімшартқа отырған. Яғни, картоп келісіне 150-155 теңгеден “Астықжан”, “Солнечный”, “Раузет”, “Zetro”, “Светафор”, “Азия” және өзге көптеген суда желілерінде сатылады.
“Күн райының қолайсыздығы біраз қиындықтар тудырды. Жауын-шашын көп болды. Негізін де соңғы жылдары өнім көлемі түсіп кетті. Алқаптың жартысына жуығын жинай алмадық. Шамамен 30 тонна картоп алдық, 45 тоннаға дейін алатын едік. Яғни, 15 тоннаға дейін кемігендігін көрсетеді. Былтыр 10 гектарға кем картоп ектік. Өйткені, тасық судың салдарынан жеріміз әзір болмай қалды. Осы жылы 175 гектарға егеміз деп отырмыз. “Тобыл” ӘКК АҚ жасаған келісімшартымыз бар. Бізде әлі 237 тонна берешек бар”, – дейді “Тэрра” ШҚ басшысы Владимир Семейкин.
Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың екі тетігі бойынша 12,5 мың тонна өнім қоры бар. ӘКК нарықты тұрақты бақылап, тұрақтандыру қорының өнімдерін толықтырып, түгендеп отырады. Бұл ретте, ӘКК жыл сайын жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен шарттар жасасу арқылы тұрақтандыру қорына көкөніс өнімдерінің қорын қалыптастырады.